[Саясаттану] – Саясат қоғамдық өмір жүйесінде

Саясат қоғамдық өмір жүйесінде

Дәріс жоспары:
1. Саясат ұғымы және оның пайда болуы.
2. Саясат элементтері
3. Саясаттың функциялары

«Саясат» ұғымы қоғамның қалыптасуымен, қызметімен, құрылысымен байланыста өмір сүрудің айрықша аспектісін білдіреді. Адамдардың ассоциативты негізде бірлесіп өмір сүрулері ғана қажетті мәнді кезең ретінде саясатты тудырады. Ол адамдардың мүддесін түйістіретін және қоғам тұтастығын сақтайтын қоғамдық өмірдің реттеуші функциясы. Саясаттың осы функциясы оған жеткілікті түрде әмбебаптылық сипат береді, өйткені саясат адамдардың тіршілік әрекетінің негізгі сфераларындағы қоғамның барлық құрылымдық әрекеттерінің белсенділігін бақылауға және бағыт беруге міндетті. Осы негізде саясат әлеуметтік мазмұны бойынша өте кең мағынаға ие.

Қазіргі қоғамдық өмірде «саясат» термині төмендегідей түсінік береді: Біріншіден, мемлекеттің қызметін, адамдардың үлкен ассоциативты топтарының (әлеуметтік, этникалық, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктік және т.б) арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеудегі мемлекеттік билік органдарының қызметін көрсетеді, және осынау іс-әрекет топ мүдделерін ескерумен, олардың ортақ позициясын жасақтау мен түйістірумен және оны билік құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырумен байланысты.

Еуропалық қоғамдастықтың дамуы мен саяси ойларының отаны болған ежелгі гректерде саясат мемлекет пен қоғам істерін басқаруды білдірді. Платонның көзқарасы бойынша, бірігіп өмір сүру, адамдар арасындағы теңсіздік (байлық пен кедейлік, әртүрлі дәреже мен кәсіптер), өзара әрекет алмасудың қажеттілігі және осы орайда қандай да бір нормалардың сақталу қажеттілігі мемлекет пен саясатты, мемлекет пен қоғам істерін басқаруға алып келеді. Саяси ойлардың негізін салушылар Платон мен Аристотель пікірлерінде саясат адамдарды басқару ретінде анықталынады. Осыған байланысты олардың еңбектерінде мемлекеттік басқарудың формаларына талдау жасалынып, оның түрлері бөліп көрсетіліп, оларға салыстырмалы талдау жүргізіліп, ежелгігректік полистің (қала-мемлекеттер) саяси өмірінің және осы полистің азаматтары – ерікті адамдардың мемлекеттік басқарудағы саяси іс-әрекеттерінің барлық негізгі аспектілері қарастырылған.

Екіншіден: азаматтардың мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен қызмет атқаруының және мемлекеттік құрылыс пен қоғамды басқарудың формаларын анықтауға, басқарудың тиімді әдістері мен амалдарын білуге, оның шешімдері мен акцияларының заңдылығын мойындауға қатысуын көрсетеді.
Үшіншіден, мемлекеттік шешімдер, мемлекеттік билік пен саяси қатынастардың басқа да субъектілерінің акциялары, олардың қоғамдық өмірдің әртүрлі аспектілеріне ықпалын талдау мен бағалау және оларға ықпал ету мақсатында оларды тиісінше реттеуді көрсетеді. Мемлекеттік биліктің, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қабылдаған барлық құжаттары саяси мазмұнға ие болғандықтан, олар да саяси шынайылықтың, саясаттың элементтері болып табылады.

Төртіншіден, басқару өнерін, керекті нәтижелерге қол жеткізуді, осы іске қажетті ресурстарды (материалдық-заттай және рухани) жұмылдыра білу қабілеті мен билік өкілеттіктерін қолдана білуді, оларды кеңейтуге қол жеткізуді, билік өкілеттіктерін іске асыруда мейлінше тиімді күштер мен әдістерді анықтауды, басқару мәдениетін көрсетеді. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар тарапынан биліктің саясаты мен іс-әрекетіне өзгерістер енгізу мақсатында оған қысым жасау өнерін, және қажетті жағдайда билікті алмастыруды білдіреді.

Қорыта айтқанда, саясат адамдардың мінез құлқы мен әрекеттеріне ықпал ететін және биліктің қалыптасуы мен қызмет ету мәселелеріне қатысты әлеуметтік қатынастар, көзқарастар, принциптер, бағдарлар мен коммуникациялар әлемі. Билік саясаттың негізі, өзегі және құралы. Саясат биліктің арқасында ғана жүзеге асып, қоғам өміріндегі ұйымдастырушы және бағыттаушы күшке айнала алады. Сонымен қатар саясат қоғамның саяси сферасындағы саясат субъектілерінің іс- әрекетін де қамтиды.

2. Саясат субъектілері болып мыналар табылады:
1. Жеке адам, индивид. Саясат субъектісі ретінде көріну үшін индивид әлеуметтік белсенділік пен бостандық сияқты тұлғалық қасиеттерге ие болуы шарт және осы қасиеттер индивидке өз субъектілігін танытуға мүмкіндік береді. Индивид әлеуметтік белсенділігінің арқасында өз мүдделерін айқындап, оларды саяси сфераға бағыттайды, яғни саяси белсенді субъектіге айналады, ал бостандығы оның әрекетіне дербестік береді.

2. Әлеуметтік топтар – адамдардың ассоциативті қоғамдастықтары, саяси қатынастардың ең тиімді әрекет етуші субъектісі. Әлеуметтік топтар көлеміне қарай (кіші, орташа, үлкен), ассоциациялардың тұрақтылығы мен ұзақтылығы, топ элементтері арасындағы байланыстың қарқындылығы мен әлсіздігі, ұйымдық құрылымы және т.б ерекшеліктері бойынша ажыратылады. Әлеуметтік топтарға мыналарды жатқызуға болады: таптар; дәрежелік, жыныстық және жас ерекшеліктік, этникалық, кәсіби және басқа топтар; мүдде бірлігіне байланысты пайда болатын тұрақты және уақытша ассоциациялар. Бірақ әлеуметтік топтар – біршама аморфты құрылым. Ұйым оның әрекетіне бірізділік пен тиімділік береді және осының арқасында әлеуметтік топ саясаттың субъектісіне айналады.

3. Мемлекеттік билік. Қоғам, мемлекет қалыптастырған басқару органы – саясаттың ең әрекетшіл субъектісі. Мемлекеттік билік мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын, әлеуметтік басымдылығын айқындап, ресурстарды бөліп, әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілерін бақылайды.

4. Саяси элита. Бұл қоғамның ең саяси белсенді бөлігі. Оған саясатқа және саяси қызметке өздерін кәсіби түрде бағыштаған және осы іске өз күш-жігері мен уақытының басым бөлігін жұмсайтын адамдар кіреді. Әлеуметтік саяси элита біртекті емес, оған әртүрлі әлеуметтік топтардың әлеуметтік белсенді өкілдері кіреді. Бұқарадан саяси элитаны өте жоғары әлеуметтік және саяси белсенділігі, саяси іс-әрекетте пайдаланылатын форма, әдістер, құралдардың барлық ресурстар қолдану арқылы саяси мәдениетті мазмұнды түрде игеруге талаптануы ерекшелеп тұрады.

Саясат субъектісі ретінде мемлекет (сыртқы саясат шеңберінде, сондай-ақ әлеуметтік өмірдің қандай да болмасын түбірлі бағдарламаларын шешуде және іске асыруда); өздерінің жеке және аймақтық мүдделерін қорғайтын мемлекеттің құрамдас бөліктері; мемлекеттік биліктің құрамы мен саясатын өзгерту мақсатында оған ықпал ететін саяси партиялар және бірінші кезекке қандай да болмасын өзекті, өмірлік маңызды мәселені қойып, билікке бұқаралық қысым жасауды ұйымдастыратын қоғамдық-саяси қозғалыстар да көрінеді. Сондықтан да саясат – көптүрлі субъектілер әлемі.

Саясаттың өзіне тән басты ерекшелігі – оның субъектілігі және оның субъектіге тәуелділігі мен онымен анықталынуы. Субъектілік – саясаттың шынайы факторы. Ол саяси процестер мен жағдайларға көпварианттылық, субъективті өзіндік сипат береді, олардың субъектінің жасампаздық әлеуетіне, оған тән ерік-жігерлік қасиетке, әлеуметтік белсенділігіне және әлеуметтік жауапкершілік дәрежесіне тәуелділігін сипаттайды. Сондықтан, субъектілік әлеуметтік оқиғалардың, әлеуметтік уақыттың тарихи аралығының, жеке әрекеттердің, өмірлік мағынаға ие шешімдердің, олардың қорытындыларын, нәтижелерін және т.б белгілеуде қолданылады.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Саясат ұғымы және оның пайда болуы қалай түсінесіз?
2.Саясат элементтерін атаңыз?
3.Саясаттың функциялары қандай?
4.Саясаттың қоғамдық өмір жүйесіндегі орны қандай?

Бүкіл кешенді біздің сайттан жүктеуге болады: сілтеме

Басқа ақпаратты әлеуметтік желілерден жүктеуге болады: Instagram , Вконтакте

[njwa_button id=”2326″]

Автор публикации

не в сети 2 месяца

Администратор ресурса

Здравствуйте. Если у Вас возникают какие-либо вопросы касательно работы сайта, то вы можете написать на электронную почту admin@learn-more.kz
Комментарии: 24Публикации: 287Регистрация: 25-01-2017

Добавить комментарий